Press release

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ

«ДАРЫН» РЕСПУБЛИКИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

 

Астанада Математика, физика және информатика бойынша Халықаралық Жәутіков олимпиадасы IZhO2025 өтеді

 

2025 жылғы 13-17 қаңтар аралығында Астанада оқушыларға арналған математика, физика және информатика бойынша 21-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтеді.

Олимпиадаға әлемнің 15 елінен 700-ге жуық оқушы мен 150 жетекші қатысады. Қатысушы елдер қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния, Сербия және Моңғолия бар. Командалардың құрамы ұлттық пәндік олимпиадалардың нәтижелері бойынша анықталады.

Олимпиаданың ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және КеАҚ «Республикалық физика-математика мектебі».

Олимпиада бес күнге созылады және екі турдан тұрады. Тапсырмалар күрделілігі бойынша мамандандырылған сыныптар бағдарламасына сәйкес келеді және халықаралық қазылар алқасымен құрастырылған. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев болады.

«Математика, физика және информатика пәндері бойынша мектеп оқушыларына арналған Халықаралық Жәутіков олимпиадасы елімізде 21-ші рет ұйымдастырылуда. Биыл ол алғаш рет Астана қаласында өтеді. Қатысушылар РФММ мен Astana IT университетінің аудиторияларында теориялық және практикалық турларда өз білімдері мен дағдыларын көрсетеді. Бұл оқу орындарының техникалық жабдықталуы олимпиаданы өткізу талаптарына толық сәйкес келеді», – деп атап өтті «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Жәутіков олимпиадасының қорытындысы бойынша қатысушыларға қатысушы сертификаттары мен естелік сыйлықтар табысталады, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен алтын, күміс және қола медальдар беріледі.

Олимпиаданың ашылу және жабылу рәсімдері YouTube-тегі ресми парақшада тікелей эфирде көрсетіледі.

 

Қосымша ақпарат:

Ашылу және жабылу рәсімдері «Бейбітшілік және келісім сарайында» (Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 57) өтеді. Іс-шараға қала әкімі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері және қатысушы елдердің елшіліктері қатысады.

 

–  Ашылу рәсімі: 2025 жылғы 13 қаңтар, сағат 17:00.

–  Жабылу рәсімі: 2025 жылғы 17 қаңтар, сағат 16:00.

 

Олимпиада өтетін негізгі алаңдар:

–  Математика және физика – Республикалық физика-математика мектебі (Түркістан көшесі, 2/1).

–  Информатика – Astana IT University (Мәңгілік Ел даңғылы, С1).

 

Қатысушылар мен орналастыру орындары:

–  «Думан» қонақүй кешені (Қорғалжын тас жолы, 2А).

–  «Park Inn» (Сарыарқа даңғылы, 8А) және «Radisson Hotel Astana» (Сарыарқа даңғылы, 4).

–  «Altyn Eco Park» қонақүйі (Керей, Жәнібек хандар көшесі, 22).

 

Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті:

Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қ., Мәңгілік Ел 8/2, «Алтын Орда» БО, «Дарын» РҒПО, тел. +7-7172 57 65 74, izho@fizmat.kz, WhatsApp: +7 777 415 0111


Download – RUS   EN

Top