Алматы қаласында «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының біріккен жобасы – математика, физика және информатикадан дәстүрлі VIІI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өз мәресіне жетті.
Олимпиадаға Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Молдова, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Румыния, Болгария, Индонезия, Үндістан, Моңғолия, Ауғанстан және Нигерия сияқты әлемнің 18 елінің мамандандырылған мектептерінен 54 команда (343 қатысушы) қатысты.
2012 жылдың 20 қаңтарында сағат 16.00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Студенттер сарайында олимпиада жеңімпаздарын марапаттауға арналған физика, математика және информатикадан VІІI Халықаралық Жәутіков олимпиадасының салтанатты жабылу кеші өткізілді. «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Қирабаева Шолпан Ақашқызы, қазылар алқасының төрағасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.М. Мұтанов, тең төраға ҚР ҰҒА академигі Жұмаділдаев Асқар Серқұлұлы және Қазақстан Республикасындағы Үндістан елшілігінің өкілетті елшісі Ашок Кумар Шарма мырза құттықтау сөз сөйледі.
Алтын медальмен олимпиаданың 29 қатысушысы марапатталды. Оның 9 медалін Қазақстан, оның ішінде 4-н РМФМОМИ (Сайланбаев Әлібек, Душаев Сәкен, Вильковиский Илья, Жарқынбек Темірлан) өз қанжығасына байлады. Күміс медальмен 58 қатысушы (Қазақстан -19, оның алтауы – РМФМОМИ/ Сейілов Темірлан, Иманмәлік Ержан, Тортай Әлішер, Дулат Ержан, Оспанов Аят, Жалпақов Дәулет), қола медальмен 84 қатысушы (Қазақстан – 30, оның ішінде РМФМОМИ – 11/Дәуірханов Мұхит, Қабылбеков Темірлан, Баймолдаев Мұхамеджан, Аманов Әлімжан, Әріпбай Еркебұлан, Тұрар Мадияр, Құдайберген Қуаныш, Мұқай Ерсін, Жүсіпов Нұрлан, Стамқұлов Саттар, Мұхамеджанов Азамат) марапатталды.
171 медальдың 58-іне Қазақстан, оның ішінде 21-іне РМФМОМИ ие болды.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында олимпиаданың үздік қатысушыларына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚБТУ және ІТ Университеттерінің білім гранттары табыс етілді. «Назарбаев Университет» дербес білім беру ұйымының атқару Кеңесі төрағасының орынбасары Дайырова Хадиша Нұрділдинқызы 2011 жылғы Назарбаев Университетінің көрсеткішіне сәйкес РМФМОМИ директорына «Қазақстан Республикасының Үздік мектебі» сертификаты табыс етті.
Олимпиада қорытындысы бойынша 7 үздік команда анықталып, оларға олимпиаданың бас демеушісі «ЭксонМобил Қазақстан» компаниясы атынан бағалы сыйлықтар (1-орын алған команданың барлық мүшесіне – бейнекамера, 2-орын алған команда мүшелеріне – сандық фотоаппарат, 3-орын алған жеңімпаздарға – мобильді телефондар) тапсырылды. Бас жүлдені жеңіп алған команда мүшелеріне ноутбуктер табыс етілді.
Командалық есеппен Бас жүлдені ММУ МҒОО (ММУ-дың мамандандырылған ғылыми-оқу орталығы, Мәскеу қаласы, Ресей) командасы, 1-орынды РМФМОМИ (Алматы қаласы, Қазақстан) иеленсе, 2-орынды София математика мектебі (София қаласы, Болгария) мен Тәжік-Түрік лицей (Душанбе қаласы, Тәжікстан) командалары бөлісті. Ал 3-орынды Пловдив қаласының математикалық мектеп командасы (Пловдив қаласы, Болгария), Е.Шевченко атындағы КҰУ-нің Украин физика-математика лицей командасы және Тюдор Виану атындағы Ұлттық орта информатика мектеп командасы еншіледі.
VІІІ ХЖО-ның демеушілері – жеті жыл бойы олимпиаданы өте жоғары деңгейде ұйымдастыру және өткізу ісіне қолдау көрсетіп жүрген олимпиаданың бас серіктесі «РМФМОМИ түлектер қоры» Қоғамдық қоры мен бас демеуші «ЭксонМобил Қазақстан» компаниясы. Сондай-ақ іс-шараға «Atameken Holding» қаржы-өндірістік тобы мен «Intel» компаниясы демеушілік танытты. VІІІ ХЖО-ның ақпараттық серіктесі – «Современное образование» журналы.
Толық ақпарат пен фотосуреттерді олимпиаданың сайтынан алуға болады: http://izho.kz/